СҚО-да былтыр азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің 40 дерегі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы азық-түлікті қымбатқа сатқандар 1 млн теңгеден астам айыппұл төледі.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының анықтаушысы Диас Қабештің айтуынша, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес шекті сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15% аспауы керек. Алайда жекелеген жеткізушілер белгіленген нормаларды елемейді, мысалы, делдал 300 теңгеге күріш сатып алып, оны 450 теңгеге сатады. Сауда үстемесі 50% асқан, ал рұқсат етілгені - 15%. Салдарынан қарапайым сатып алушы зардап шегеді.

Департамент сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығында жөнсіз делдалдықты анықтау және болдырмау, сондай-ақ рұқсат етілген сауда үстемесінің асып кетуіне жол бермеу бойынша жұмыс жүргізеді.

Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 40-тан астам заң бұзушылық анықталды, нәтижесінде 1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді. Ал биыл Сауда департаментіне шара қабылдау үшін 6 материал жіберілген. Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз қымбаттатудың 8 дерегі анықталды. Делдалдық схемаларды алып тастаудың арқасында жеке өнімнің құнын 40% дейін төмендетуге мүмкіндік туды.

- Азаматтардың құқықтарын қорғау, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәсіпкерліктің адал субъектілерін қолдау, таза бәсекелестік үшін қолайлы жағдайлар жасау экономикалық тергеп-тексеру қызметінің негізгі міндеттері. Ал негізгі бағыттар – бюджет қаражатын ұрлаудың, алаяқтықтың алдын алу, салық төлеуден жалтару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және заңсыз ойын бизнесі.

Былтыр «Кибернадзор» жүйесінде құмар ойындар бойынша 796 жарияланым, 753 онлайн-казино жарнамасы, 43 онлайн-казино және қаржы пирамидасының белгілері бар 112 сайт сілтемесі бұғатталды. Әлеуметтік желіде қаржы пирамидалары мен құмар ойындарының белгілері бар 7 аккаунт анықталды, - дейді Диас Қабеш.

Бұған дейін СҚО-да прокурорлар құмар ойынға құныққан мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығарғанын жазған едік.