Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің мәліметінше, өндірісте жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен 46 адамның бесеуі көз жұмды.
Зардап шеккендердің шамамен әр бесіншісі - әйел. Мерт болғандардың арасында екі әйел бар.
Өткен жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жекеменшік кәсіпорындарда тіркелген. Атап айтқанда, зардап шеккендердің 61% жеке кәсіпорындарда еңбек еткен. Ал 33% мемлекеттік ұйымдарда, 7% шетелдік заңды тұлғалардың кәсіпорындарында жұмыс істеген.
Салалар бойынша алғанда, өндірістік жарақаттардың көбі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және осыған ұқсас қызмет түрлерінде тіркелген. Жалпы зардап шеккендердің 63% астамы осы салалардың жұмысшылары. Мәселен өңдеу өнеркәсібінде 15 адам жарақат алған.
Мамандар өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін де атады. Соның бірі – абайсыздық, салдарынан 12 адам жарақаттанған. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан 10 адам жарақат алған. Технологиялық процестердің бұзылуынан – 7, жұмыс жүргізуді дұрыс ұйымдастырмаудан – 4, еңбек және өндірістік тәртіпті сақтамаудан 4 адам зардап шекті. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзу, жеке қорғаныш құралдарын қолданбау және авариялық жағдайлар да өндірістегі жарақаттарға әкелген.
Жазатайым оқиғалардың ішінде биіктіктен құлау фактілері жиі кездеседі. Осындай жағдайдан 13 адам зардап шеккен. Тағы 5 адам жол-көлік оқиғалары кезінде жарақат алған.
Жарақат түрлеріне келсек, 13 адам жабық сынық, 11 адам әртүрлі дәрежедегі термиялық күйік алған. Ашық сынықтар мен буын шығу секілді жарақаттар 7 адамда анықталды. Жалпы, 57% - ауыр, 17% - жеңіл, қалғаны орташа жарақаттар санатына жатады.
Өндірістегі жазатайым оқиғаларға байланысты төленген материалдық өтемақы көлемі де айтарлықтай. 2025 жылы бұл мақсатқа жалпы 148 млн теңгеге жуық жұмсалған. Оның 136 млн теңгесі еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары бойынша төленсе, тағы 12 млн теңге біржолғы жәрдемақы ретінде берілген.
Бұған дейін СҚО-да астық бункеріне құлап, мерт болған әйелге қатысты сот үкімі шыққанын жазған едік.