СҚО-да астық бункеріне құлап, мерт болған әйелге қатысты сот үкімі шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы өндіріс орнында адам өліміне әкелген оқиға еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы салдарынан болған.

Алматы прокуратурасы кәсіпорынның жұмысына заңсыз араласқан басқарма басшысын жазалады
Фото: polisia.kz

Ақжар аудандық соты «Талшық Астық LTD» ЖШС-нің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау инженері Қайрат Салықовқа қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігі - еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекет бойынша айыпталған.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр 19 қараша күні кәсіпорын жұмысшысы Алмагүл Шәріпова Ақжар ауданы Талшық ауылындағы астық кептіру кешенінде өндірістік бункерлерде өлшеу жұмыстарын жүргізген.

Шамамен сағат 15:35-те №95 жедел бункерінің жанынан өтіп бара жатқан кезде ол бақылау люгіне құлап кеткен. Салдарынан әйел астық астында қалып, оқиға орнында көз жұмды.

Арнайы тергеу комиссиясының қорытындысына сәйкес, жазатайым оқиға толықтай еңбек қызметімен байланысты деп танылып, жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. Сот барысында еңбек қауіпсіздігі инженері Қайрат Салықовтың еңбек қауіпсіздігі талаптарын тиісті деңгейде орындамағаны анықталды. Яғни, жұмысшы құлап кеткен люктың қақпағы мен қорғаныш торының бір бекіткіші болмай, дұрыс бекітілмеген. Осылайша техникалық жабдықтардың жай-күйіне бақылау жеткіліксіз жүргізілген. Жұмысшыны жаңа қызметке ауыстырғаннан кейін еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен білімін тексеру ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті қадағалау жасалмаған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, Шәріпова жаңа жұмысқа ауысқаннан кейін онымен оқыту жұмыстарын өткізіп үлгермегенін айтты.

Жаза тағайындау кезінде сот Салықовтың кінәні толық мойындауын, шын өкінуін, бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде қарап, ескерді.

Сот үкімімен Қайрат Салықов 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және 3 жыл мерзімге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, оған пробациялық бақылау белгіленді. Бұдан бөлек, сараптама жүргізуге кеткен процессуалдық шығындар, жәбірленушілердің өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Естеріңізге салайық, былтыр 34 жастағы әйел биіктен астық сақтау қоймасына құлап кетіп, оқиға орнында көз жұмған еді.