СҚО-да биылғы жылыту маусымында 1 мыңға жуық өртке қарсы датчик қойылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылыту маусымында 195 өрт шығып, 12 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыс басталғалы өрттен 4 адам күйік алса, 20-сы улы газдан иіс тиіп, уланып қалған.

Ал келген материалдық шығын 31 млн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп.

Өткен аптада 14 өрт тіркеліп, 1 адам жарақаттанды.

«2 ақпан күні Айыртау ауданындағы Горное елдімекенінде сағат 20.35 минут кеткенде бір адамның күйік алып, өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Тұрғын тұрмыстық газ баллонын жаңасына ауыстырып, оның редукторының дұрыс орнатылғанын сіріңкемен тексермек болған. Салдарынан газ-ауа қосындысы жарылған. Ұшқын еденге түсіп, өрт шыққан. Дер кезінде сөндіріліп, жайылуына жол берілген жоқ», - дейді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.

Үй иесі 1972 жылы туған ер адамның денесінің 22 %-ын күйік шалды. Ауруханаға жатқызылған тұрғынның жағдайы ауыр.

«Қарапайым қауіпсіздік ережелері туралы үнемі айтамыз, рейдтер өткіземіз. Қыс басталғалы 46 мың үйді араладық. Тұрмысы төмен отбасыларды назарда ұстаймыз. Қазір біздің есебімізде 16 мың адам тұратын 4 220 мекенжай бар. Бұл үйлерде 3 мыңға жуық олқылық табылды. Олар ескертіліп, жартысына жуығы пештерін жөнге келтірді», - дейді Дмитрий Растихин.

СҚО-да жылыту маусымы басталғалы өртке қарсы мыңға жуық датчик орнатылды. Келесі қысқа дейін тағы 600-ін қою жоспарда бар.