СҚО-да бір күнде айыппұл берешегі бар 210 шетел азаматы анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер әкімшілік айыппұл бойынша берешегі бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын күшейтті. Әсіресе шетел азаматтарына ерекше назар аударылып отыр.

Фото: СҚО ПД

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, құқық бұзушылардың басым бөлігі Қазақстанда болу талаптарын бұзған. Сонымен қатар олардың арасында СҚО аумағы арқылы транзитпен өту кезінде жылдамдықты асырып, автоматты бейнебақылау камераларына түскен жүргізушілер де бар.

Қазіргі уақытта полицейлер оларды анықтап, айыппұлды уақытылы төлеу қажеттігі туралы хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыс «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған.

Іс-шараның алғашқы күнінде өңір полицейлері айыппұл бойынша берешегі бар 210 шетел азаматын анықтады. Олардың барлығына тиісті хабарламалар табысталды. Құқық бұзғандырдың көпшілігі айыппұлды сол жерде мобильді аударым арқылы төлеген.

Тәртіп сақшылары заңнамаға сәйкес айыппұлды алғашқы жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда оның тек 50% өтеуге мүмкіндік бар екенін еске салады. Осы мерзім өткеннен кейін айыппұлды толық көлемде ерікті түрде төлеу үшін тағы 30 күн беріледі. Тек осы уақыт аяқталған соң материалдар жеке сот орындаушыларына жолданады.

Полиция қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың басты мақсаты жазалау емес, жүргізушілердің тәртібін күшейту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.

Бұған дейін жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұрғанын жазған едік.