Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық көлікте жолақы төлеу қашанда өзекті мәселе. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Астанада бір ғана автобусқа кірген 100 жолаушының шамамен 40-ы жолақысын төлемей кетеді екен. 

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Әрқайсысы түрлі сылтау айтып, ережеге бағынғысы келмейді. Алайда 110 теңгені төлеуге ерінген мұндай жолаушылар кейін 8 650 теңге көлемінде айыппұл арқалайды.

«№ 1 Автобус паркі» АҚ ұйымдастырған кезекті рейд барысында мамандар қаладағы бірнеше автобусты тексерді. Рейдтің негізгі мақсаты қашанда бір ол — жолаушылар арасында жолақы төлеу мәдениетін қалыптастыру.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Мамандардың айтуынша, кейбір жолаушылар жолақыны тек бақылаушыларды көргенде ғана төлеуді әдетке айналдырған. Алайда бұл жолы олардың мұндай айласы іске аспады. Себебі желілік бақылау қызметі автобусқа кірер алдында төлем жасайтын QR-кодтарды уақытша бұғаттап тастады. Соның нәтижесінде бір ғана № 55Б қоғамдық көлігінде екі жолаушының жолақы төлемегені анықталды. Осылайша, 110 теңгені төлеуден қашқан жолаушылар 8 650 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Мен QR-код сканерлеп едім, төлем жүрмей қалған-ау. Бірден төлеуді ұмытып кетіппін, — деді бір жолаушы.

Ал екінші жолаушы бақылау қызметкерін көрген соң ғана асығып, төлем жасауға ниеттеніп еді, бірақ QR-кодтардың бұғатталғанын білмей қалды.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Екі жолаушыға да полиция қызметкерлері заң талаптарына сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Ал үш сағатқа созылған рейд барысында мұндай құқық бұзушылық жасағандардың саны 20-дан асты.

— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабын бұзу фактілері бойынша желілік бақылау қызметінің қызметкерлері тарапынан полиция органдарына жиі хабарлама түседі. Аталған шағымдар негізінде қала аумағындағы патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды полиция бөлімшесіне жеткізеді. Негізінен, құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 622-бабының 2-бөлігіне сәйкес қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Азаматтарға заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шара қолданылып, 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 8650 теңге көлемінде айыппұл салынады, — деді Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрәлі Тәңірбергенов.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

№ 1 Автобус паркінде 1700-ден астам жүргізуші еңбек етеді. Күн сайын қала көшелеріне 830-дан астам автобус шығып, жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс уақыты таңғы сағат 04:00–ден түнгі 00:00–ге дейін жалғасады. Ал желілік бақылау қызметінің мамандары күніне 80-ге жуық автобусқа мініп, шамамен 2500 жолаушыны тексереді.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Жолақысын төлемеген азаматтар әртүрлі сылтау айтады. Бірі «жаңа ғана міндім» дейді, енді бірі «телефонымның қуаты жоқ» деп түсіндіреді. Бірақ автобустарда телефон зарядтауға арналған құрылғылар бар. Егер жолаушының өзінде қуаттағыш болмаса, қызметкерлер power bank береді. Сол арқылы жолаушы телефонын қосып, жолақысын төлей алады. Жалпы жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тек уақытында жолақысын төлесе болды. Желілік бақылау қызметі мен жүргізушілердің еңбегін бағалауды сұраймыз. Олар күніне 16–17 сағат жұмыс істейді, — деді желілік бақылау қызметкері Бексұлтан Ертаев.

Алайда жолаушылардың бәрі бірдей емес. Қоғамдық көлікке кірген бойда-ақ жолақысын бірден төлеп, тәртіпті сақтауға тырысатын азаматтар да бар. Олар үшін төлем жасау — жауапкершілік болып саналады екен.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Жол ақысын «Құдайдың ақысы» деп есептеймін, сондықтан оны әрдайым бірден төлеймін. Сонымен қатар жүргізушілердің еңбегін құрметтеймін. Осы уақытқа дейін жолақысын төлемей кеткен жағдайым болған емес, — деді жолаушы.

«№ 1 Автобус паркі» АҚ бір жыл ішінде 169 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Оның 53 миллионы жеңілдік қарастырылған әлеуметтік санаттағы азаматтар. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік карта қолданатын жандар да төлем құрылғысына картасын жақындатуға ерініп, жолақы төлемей кететін жағдайлар кездеседі.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Мектеп оқушылары арнайы карталарын жолақысын төлеу кезінде пайдаланбайды. Біз оларға үнемі ескерту жасап отырамыз. Жеңілдігі бар барлық жолаушылар автобусқа кірген сәтте картасын бірден төлем құрылғысына тигізуі қажет. Барлық төлемдер жүйеде тіркеледі және есепке алынады, — деді «№ 1 Автобус паркі» АҚ желілік бақылау бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Серікбекқызы.

Гүлзира Сайлауқызы арнайы жеңілдік картасымен жүргеніне екі жыл болғанын айтты.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Мен жол ақысын автобусқа кірген бойда уақытында төлеймін. Зейнетке шыққаныма екі жыл болды. Арнайы жеңілдік картасын алғанмын. Үнемі ережеге сәйкес картаны төлем құрылғысына жақындатып, жолақысын төлеймін. Бәрі ыңғайлы ұйымдастырылған, — деді жолаушы.

Жолақы төлеумен қатар, автобуста жолаушы мәдениетін сақтау да маңызды. Кейбір азаматтар қатты сөйлеп, жүргізушінің жұмысына кедергі келтіреді. Ал енді бірі қоғамдық көлікке ірі көлемдегі жүктермен кіреді. Алайда ережеге сәйкес, жолсөмкенің салмағы 20 келіге дейін болуы тиіс. Егер салмағы 20 келіден асса немесе көлемі 30×40 см-ден үлкен болса, қосымша жолақы төлеу талап етіледі.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Жаз мезгілінде кейбір жолаушылар велосипед немесе самокатпен қоғамдық көлікке кіреді. Бұл жағдайда көлік арнайы қапта болуы тиіс. Ірі көлемді велосипедтерді кіргізуге рұқсат етілмейді. Жануармен кіретін жолаушылар үшін де талап бар: жануарда міндетті түрде тұмылдырық болуы керек. Бұл талап сақталмаған жағдайда ескерту жасалады. Автобуста телефонмен қатты сөйлесуге болмайды. Сондай-ақ алдыңғы бөлікте тұруға және жүргізушінің жұмысына кедергі келтіруге тыйым салынады, — деді Қарлығаш Серікбекқызы.

Жолақыдан жалтарған жолаушылар саны азаймай тұр
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Айта кетейік, Шымкентте 4500-ге жуық жолаушы қоғамдық көлікте жолақы төлемегені белгілі болды.