СҚО-да бір жылда онкологиялық есепте тұрғандар саны 600 адамға артты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында онкологиялық аурулар бойынша 12 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр.

Фото: ДСМ

Бір жылда сырқаттанғандар саны шамамен 600 адамға көбейген. Науқастардың дәрігерге аурудың соңғы сатысында ғана жүгінуі жағдайды қиындатқан. Бұл туралы СҚО онкологиялық орталықта өткен жиында айтылды.

Онкологиялық орталықтың меңгерушісі Жігер Дүйсеновтің айтуынша, өңірде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 296,1 промилле, бір жылда сырқаттанғандар саны 12,6% өскен. Аурудан қайтыс болғандар саны да артқан.

Дәрігерлер, әсіресе, өкпе қатерлі ісігінің кеш анықталатынын айтады. Қазір осы диагнозбен өңірде 501 адам диспансерлік есепте тұр. Жыл басынан бері 199 жаңа жағдай тіркелген. Оның 44-інде ауру төртінші сатысында, 70-тен астам науқаста үшінші сатысында анықталған. Былтыр обырдан 102 адам көз жұмса, биыл он айда бұл дерттен 93 адам қайтыс болды.

Онкологтардың айтуынша, өкпе қатерлі ісігіне көбіне темекі шегу әкеледі. Мамандар аурудың алдын алу үшін зиянды әдеттен бас тартуға, сондай-ақ профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге кеңес береді. Әсіресе зиянды өндіріс орындарында еңбек ететін адамдардың денсаулығына мұқият болғаны жөн.

Ұйқыбез қатерлі ісігі де дәрігерлер үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Бұл ауру таралу жиілігі бойынша тоғызыншы орында болғанымен, онкологиялық дерттерден болатын өлім-жітім көрсеткішінде бесінші орынға шыққан. Өңірде жыл сайын шамамен 50 жағдай тіркеледі. Былтыр 31 адам, биыл 27 адам көз жұмды. Қазір дәрігерлер есебіне 58 адам алынған.

- Ұйқыбез қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын факторларға қант диабеті, семіздік, қозғалыстың аздығы, темекі шегу және созылмалы панкреатит жатады. Ал бұл ағзаға жасалатын операциялар хирургиядағы ең күрделі оталардың қатарына кіреді. Мұндай диагноз қойылған науқастарға жылына 10 шақты операция жасалады. Соған қарамастан, ем қабылдағаннан кейінгі бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 10% аспайды, - дейді хирургиялық бөлімше меңгерушісі Мәлік Сексембаев.

Ал, қуық асты безі обыры былтыр 76 адамда анықталып, 23 науқас қайтыс болған. Биыл 83 адам ауырып, жыл басынан 18 сырқат көз жұмды. Қазіргі уақытта өңірде қуықасты безі қатерлі ісігі диагнозымен 509 адам диспансерлік есепте тұр.

Мамандар ауруды ерте анықтаудың маңызын атап өтті. Онкологиялық орталық мамандарының айтуынша, мұнда жақында сараптамалық эндоскопия орталығы ашылды. Онда жоғары дәлдіктегі диагностикалық зерттеулермен қатар, ішкі ағзаларға аз инвазивті хирургиялық оталар жасалады. Орталықта жаңа магнитті-резонанстық томография аппараты мен заманауи сәулелік терапия жабдықтары да бар.

Онкологиялық орталықта жыл бойы түрлі аурулардың алдын алу және ерте диагностикалауға арналған ашық есік күндері ұйымдастырылады. Келушілер тегін тексеруден өте алады. Келесі ашық есік күні 21 қарашада өтеді. Бұл жолы мамандар ұйқыбез қатерлі ісігінің алдын алу мен оны ерте анықтау мәселесіне назар аудармақ.

Бұған дейін қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі нарыққа қашан шығатынын жазған едік.