СҚО-да бұралқы иттер малға шауып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында қаңғыған иттер тұрғындардың қорадағы малын талап жатыр.

Фото: видеодан алынды

Бескөл ауылының тұрғыны кешке жұмыстан үйге келгенде шашпадағы қошқарын өлі тапқан. 

– Аула биік қоршаумен қоршалған. Қалай кіргенін білмеймін, қаңғырған иттер қошқарды талап, ішін жарып кетті, - дейді ер адам.

Фото: видеодан алынған скрин

Бескөл тұрғыны Серікбай Жамансалимов те қаңғырған иттерден зардап шеккен. Иесіз жануарлар оның қорасына кіріп, 44 тауығын қырып тастады. 

– Бұл ауылда тұрып жатқаныма біраз болды. Тек биыл ғана қаңғырған иттер маза бермей жатыр. Аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бұралқы иттердің саны көбейіп жатыр. Қазір мал-құсқа шапса, ертең адамдарды таламасына кім кепіл, - дейді Серікбай Жамансалимов. 

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда ит қапқан 53 адамның дәрігерге қаралғанын жазған едік.