СҚО-да бұрын-соңды асфальт болмаған 51 елді мекенде жол салынды

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ешқашан асфальт болмаған 51 елді мекенге жол салынған. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов есептік кездесуінде айтты.

Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарының ұзындығы 8,4 мың шақырымды құрайды. Еліміздегі жолдардың ұзындығы бойынша облыс 2-ші орында тұр.

— Биыл 1,1 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 467 шақырымы – республикалық, 540 шақырымы – жергілікті және 100 шақырымы – кентішілік жолдар, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен бірге, 10 жылдан астам уақыт бойы жөнделмеген республикалық маңызы бар жолдарға ауқымды жөндеу жүргізілді. Оның ішінде «Петропавл-Жезқазған» және «Мәмлүт-Қостанай» учаскелері бар. 

— 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшеге толығымен асфальт төсеу жоспарланған. Соңғы үш жылда 63 көшеде алғаш рет асфальт пайда болды. Сондай-ақ, елді мекендердің көшелеріне, әсіресе шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылады. Биыл бұрын ешқашан асфальт болмаған 51 елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов. 

Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 89% дейін, ал республикалық желі бойынша 88% дейін жеткізілген. 
Айта кетейік, СҚО-да су тасқынынан қорғайтын бөгеттер қайта жаңартылып жатыр.

Сондай-ақ, қайтарылған активтер қаражатына жаңа су құбыры тартылған.