СҚО-да бұрынғы басқарма басшысы мен алты орман шаруашылығының директорына қатысты сот басталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бұрынғы басшысы Ерболат Бекшеновтың соты басталды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Сыбайлас жемқорлық бойынша тағы алты адам сот алдында жауап беріп жатыр. Олардың қатарында алты орман шаруашылығының директоры бар.

Бекшеновке қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып жасалған алаяқтық және пара беруге арандату баптары бойынша айып тағылды. Орман шаруашылығының бір директорына пара беруге көмектесті деген айып тағылса, қалғанына пара беруге оқталу айыбы тағылған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, оқиғаға 2025 жылы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру себеп болған. https://kaz.inform.kz/news/sko-da-enbek-sharttarin-talapka-say-rasmdemegen-19-lauazim-ies-zhauapka-tartildi-6e0fc9/ Нәтижесінде бес орман шаруашылығында еңбек заңнамасының бұзылғаны анықталған. Мәселен, кейбір қызметкерлерге нақты жұмыс істемеген күндері үшін жалақы есептелген.

Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Негізсіз төленген қаражат бюджетке қайтарылған.

Алайда облыстық прокуратураның мәліметінше, осыдан кейін басқарманың сол кездегі басшысы Ерболат Бекшенов орман шаруашылықтарының директорларын тәртіп жөніндегі кеңесте мәселе қайта қаралып, қызметтерінен айырылуы мүмкін екеніне сендірген.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол мәселені «шешу» үшін әрқайсысынан 100 мың теңгеден жинауды ұйымдастырған. Бұл іске тағы бір орман шаруашылығының директорын тартқан. Ол ақшаны өзге басшылардан жинап, жеткізуі тиіс болған.

Төртеуі ақшаны 1 наурызда тапсырылған. Тағы біреуі Бекшеновпен сөйлескеннен кейін берген.

Алайда кейін басқарма басшысының орынбасары ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгініп, жиналған 500 мың теңгені өз еркімен тапсырған.

Сот отырысында Бекшенов және бес басшы өз кінәсін мойындады. Кейбір сотталушылар прокурормен процестік келісім жасасуға ниетті екенін мәлімдеген.

Ал тағы бір орман шаруашылығының директоры кінәсін мойындамай отыр. Оның қорғаушылары бұл іске қатысты ұстанымында ол пара беруші емес, басшылық тарапынан қысым көрген адам екенін алға тартып, қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұраған.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Естеріңізге салайық, Солтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына Ерболат Бекшенов 2025 жылы шілде айында тағайындалған еді.

Биыл сәуір айында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform сауалына жауап беріп, СҚО әкімдігі басқармасының экс-басшысына сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

Ерболат Бекшенов бұған дейін СҚО-да екі ауданның әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.