СҚО-да дауылды ескерту жарияланып, барлық бағыттағы автожолдар жабылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боранның күшеюіне байланысты барлық бағыттар бойынша автожолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдегі барлық бағыттағы автомобиль жолдары көліктің барлық түрлері үшін сағат 15.15-тен бастап жабылды. Бұған дейін республикалық маңыздағы кей жолдардың жабылғаны туралы айтқан едік.

Сондай-ақ 12-13 наурызға өңірде дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» РММ СҚОФ мәліметінше, алдағы екі күнде облыста ауа райы күрт суытуы мүмкін. Ауа температурасы -13-16-дан кей жерлерде -25-30-ға дейін төмендемек.

Осыған байланысты СҚО ТЖД мамандары алдағы күндері аса қажеттіліксіз үйден шықпауды, көлікпен алыс жолға сапарламауды және аң және балық аулаудан уақытша бас тартуды сұрайды. Көмек қажет болған жағдайда 112 телефон нөміріне хабарласуға болады.