СҚО-да демалыс күндері 1300-ден астам құқық бұзушылық тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үшкүндік «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, осы аралықта 1300-ден астам құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы 11 желтоқсан басталып, 3 күнге созылды. Операцияға полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер - барлығы 630-дан астам қызметкер жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға бағытталған іс-шарада қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуге басты екпін берілді.

Облыс аумағында жұма мен жексенбі күндері аралығында 28 қылмыс тіркелген, оның 23-і тәулік ішінде ашылды. 1358 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның 232-сі – спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйде келуге қатысты. 51 факті – отбасындағы жанжал бойынша және 50 факті тыныштықты бұзумен байланысты болды.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Жылдамдықты асырғаны үшін 85 жүргізуші, қозғалыстың қарсы бағытына шыққан 6 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілерді өткізбеген 19 жүргізуші де жазаланды. Жол ережесін бұзған 249 жаяу жүргінші анықталды. Бұдан басқа, үш күн ішінде 23 мас жүргізуші ұсталды.