«Полицейлердің бастамасымен ұйымдастырылған кездесуде СҚО ІІД басшылығы жүргізушілермен, көлік мекемелерінің жетекшілерімен кездесті. Қалалық мәдениет үйінің залы лық толы болды», делінген хабарламада.
Полицейлер, көлік мекемелерінің жетекшілері, жүргізушілер мен такси жүргізушілері облыс жолдарындағы көлік тәртібін талқылады. Тәртіп сақшылары кездесуге жан-жақты дайындалып келген. Фото көрмесін әзірлеп, бейнефильм көрсетілімін ұйымдастырды.
СҚО ІІД бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов кездесудің модераторы ретінде облыс жолдарындағы апаттылық жағдайы, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға байланысты қабылданып жатқан шаралар мен жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы хабардар етті.
Кездесуде ІІД ӘПБ бастығы полиция подполковнигі Дәурен Қазбеков, автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсету қоғамының өкілі Игорь Григоренко, көлік мекемесінің директоры Болат Рақымов сөз алып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сұрақтар көптеп қойылатынын ескерген ұйымдастырушылар залға бірнеше микрофон қойған. Қойылған сұрақтар жаңа бағдаршамдар орнатуға, қиындық туғызатын Жабаев-Интернационал көшелерінің қиылысына, жол жағдайы мен қызметін заңсыз жүзеге асырып жүрген такси жүргізушілеріне қатысты болды.
Облыс жолдарындағы жалпы көліктік тәртіпті жақсартуды бірлесіп шешу үшін, жүргізушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін, жол қауіпсіздігін арттыру үшін, сондай-ақ жол үстінде полицейлердің қатысуымен орын алатын келеңсіз жәйттарды, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланаты жағдайлардың шешімін табу үшін облыстық полиция ведомствосының бастамасымен Жүргізушілер одағы құрылды.
Кездесу соңында тәртібі жақсы жүргізушілер ІІД бастығының алғыс хаттарын алды. «Троечка» такси паркінің жүргізушісі Байрам Кисматиге ауыр қылмысты ашуда септігін тигізгені үшін ақшалай сыйақы табыс етілді.