СҚО-да екі мектеп толық, 52 мектеп ішінара онлайн оқытуға көшті

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ-мен ауырғандар санының артуына байланысты 292 сыныптың 2900-ге жуық оқушысы қашықтан оқуға көшірілді.

СҚО білім басқармасы білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізді. Қазіргі уақытта 54 мектепте 1896 оқушы ЖРВИ-мен ауырып жатыр. Оқу процесі үзілмей, оқушылар цифрлық білім беру платформалары арқылы сабақ оқып жатыр.

Өңірде екі мектеп – Айыртау ауданындағы Арыкбалық орта мектебі және Шал ақын ауданындағы Ақан-Барақ орта мектебі толық қашықтан оқыту форматын енгізді.

Петропавлдағы 20 мектепте жеке сыныптар онлайн оқытуға көшті.

М.Жұмабаев ауданында бес мектеп, Шал ақын ауданында 10 мектеп, Тайынша, Тимирязев аудандарында екі мектептен, Қызылжар ауданында жеті мектеп және Уәлиханов ауданында мектеп-интернаттың сыныптары қашықтан білім алып жатыр.

Петропавлдағы облыстық мектептердің бесеуінде де сыныптағы оқушылардың 30% астамы ауырғандықтан, балалар онлайн форматқа көшірілді.

Мамандардың айтуынша, вирустың таралуын тежеу мақсатында білім беру ұйымдарында қазір кабинет жүйесін сақтау, санитарлық тазалау, желдету, сондай-ақ медициналық қызметкерлер арқылы оқушыларды жүйелі медициналық бақылау сияқты кешенді алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін астаналық дәрігердің ЖРВИ-ға байланысты ата-аналарға үндеуін жариялаған едік.