СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 мыңға жуық өңір тұрғыны карантиндік шектеулерге байланысты жеке куәлігін мерзімінде ресімдей алмаған. Оның 1 мың 700-і - 16 жасқа толған жасөспірімдер, яғни
жеке куәлікті алғаш рет алатындар. Көші-қон қызметі басқармасы мамандарының айтуынша, құжаттарды ресімдеу мерзімін өткізіп алғандарға
әкімшілік жаза қолданылмайды. 18 мамырдан бастап олар жеке куәліктерін Халыққа қызмет көрсету орталығында ала алады.
«Төтенше жағдай кезеңінде және одан кейінгі 60 күнтізбелік күн аралығында мерзімі өткен жеке куәліктер жарамды болып, күшін жоймайды. Мұндай құжаттарды 10 шілдеге дейін ауыстыру қажет», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілев.
13 мамырдан бастап көші-қон қызметі орталығы, миграциялық қызметтің аумақтық бөлімшелері санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмыс істей бастады. Алайда жеке мемлекеттік қызметтер белгілі бір уақытқа дейін ғана көрсетілмек.
«ҚР азаматтығын алу, шығу және қалпына келтіру мәселелері бойынша түске дейін қабылдаймыз. Ал сағат 14.30-дан кейін тұрақты мекенжайға рұқсат алуға болады. Уақытша тұруға рұқсатты және еңбек патентін жұмыс күнінің аяғына дейін алуға болады. Мұндай жұмыс кестесі келушілерді сейілтеді», - дейді Талғат Әбілев.
Төтенше жағдай кезеңінде белгіленген мерзімде елден шыға алмағандарға жаза қолданылмайды. СҚО-да олардың саны - 1 мың 500 адам адам.
«10 шілдеге дейін олар қосымша құжаттарды толтырмай-ақ елден шыға алады. Ал Қазақстанда қалғысы келетіндер өздерінің заңды мәртебелерін ретке келтірулері қажет. Жұмыс иммигранттары елден шықпай патенттерін ала алады», - деді басқарма басшысы.
Облыстың көші-қон қызметіне соңғы екі күнде 120 адам келді. Олардың басым бөлігі – 87 шетелдік елде уақытша тұруға рұқсат алды.