СҚО-да еліктер ауыл көшелеріне кіріп кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір еліктері елді мекен көшелерінде жүр. Мамандардың айтуынша, жануарлар Ресейден келіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Петропавл көшелерінде, автокөлік жолдарында топ-тобымен жүрген еліктердің бейнежазбалары тарап жатыр. Тұрғындардың пікірінше, олардың қарны аш, қалың қардан қорек таба алмай, елді мекендерге кіруге мәжбүр.

Маманның айтуынша, Солтүстік Қазақстанды сібір елігі мекендейді. Соңғы есеп бойынша өңірде олардың саны 18 мыңнан асқан. 43 аңшылық шаруашылығы 27 пайдаланушыға берілген. Олар аңдарды қорғап қана қоймай, керек болған жағдайда қолдан азықтандырады. Сол үшін жаз бойы шөп, қайың сыпырғылары және астық қалдықтары дайындалады.

«Бізге Ресейден жер ауып келіп жатқан да сібір елігі. Олардың бір бөлігі кейін көктемде қайтады. Жалпы, келгені дұрыс, одан қорқудың қажеті жоқ. Жергілікті жануарлармен араласып, тұқымы жақсарады. Жабық популяция кезінде ген нашарлайтыны белгілі. Ал жалпы бұл жануарларды жақын маңда көрсеңіз оларға жақындаудың, ұстаймын деп қуудың қажеті жоқ. Одан адам немесе жануар жарақат алуы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындарға еліктерді қолдан тамақтандыруға болмайтынын еске саламын. Өйткені олар түз жануарлары», - дейді Андрей Красников.

Фото: instagram.com/skopetro/