СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 ақпанға қараған түні Тимирязев ауданында қорықшы орман маңындағы жолда «JAC» пикабын байқайды. Көлікке екі адам атып алған жануардың етін тиеп жатқан. Қорықшының «тоқта» деген белгісіне мойын бұрып та қарамай, олар шетелдік көлікке отырып, тайып тұрған.
Табиғатты қорғаушы бірден аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүгінді. Тәртіп сақшылары шұғыл қимылдап, браконьерлердің ізіне түсіп, ұстады.
Көлік салонында аңшы қаруы, шанағында қан ізі табылды. Күдіктілер елік етін жолда лақтырып кетіпті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұсталғандардың айтуымен Тимирязев елді мекенінен 10 км жерде полицейлер екі еліктің етін тауып алады.
Аталған факті «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Шал ауданы орталығы Сергеевканың 36 жастағы тұрғыны мен Ақтөбе қаласының 46 жастағы тұрғыны ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.