СҚО-да эпидмаусымда 64,5 мың адам ЖРВИ-мен ауырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында осы эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны өткен кезеңмен салыстырғанда 8,8% төмен.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 71 мыңға жуық адам ауырған.
ЖРВИ-ді жұқтырғандардың шамамен 64% — 14 жасқа дейінгі балалар.
Соңғы аптада облыс бойынша 1,7 мың адам суық тиіп ауырған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 28% төмен. Бұған дейін бір апта ішінде 2,4 мың жағдай тіркелген еді.
— 2025–2026 жылғы эпидемиялық маусымда өңірде A (H3N2) тұмауын 221 адам жұқтырды. Жас ерекшелігі бойынша алғанда, тұмаудың 89 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында, ал 132 жағдай ересектер арасында тіркелген.
Сонымен қатар облыста тұмауға жатпайтын вирустардың 82 жағдайы анықталды. Оның ішінде 47 жағдай — риновирустар, 10 — бокавирустар, 4 — аденовирустар және 21 жағдай респираторлық-синцитиальды вирус, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың негізгі белгілеріне жоғары температура, жалпы әлсіздік, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі жатады.
Дәрігерлер ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп, қолды мұқият жуып, антисептик құралдарын қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ ауру өршіген кезеңде адамдар көп жиналатын орындарға бармауды немесе бетперде тағуды ескертеді. Иммунитетті нығайту үшін дұрыс тамақтанып, жеткілікті ұйықтап, спортпен шұғылданған жөн.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері 48 636 ЖРВИ-ге шалдыққанын жазған едік.