СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10-12 қыркүйек аралығында өңір полицейлері «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс жүргізді.
«Іс-шараның мақсаты - адам саудасымен байланысты қылмыстарды ашу және жолын кесу. Тәртіп сақшылары монша, қонақ үй кешендерін, ойын- сауық орындарын, құрылыстарды, шаруашылықтарды және басқа да нысандарды тексерді. Жұмысқа облыстық әкімдіктің мамандары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері және волонтерлер тартылды», - дейді полицейлер.
Осындай тексеру барысында облыстағы фермерлік қожалықтардың бірінде тәртіп сақшылары 8 жасар баласымен 1988 жылы туған әйелді анықтады.
Анасы да, қызы да құжатсыз, сауаттары жоқ. Әйел сөйлесуден бас тартқан, алайда әйелдерді қолдау орталығы қызметкерлері оны тұрмыстық зорлық- зомбылық құрбандарына арналған орталыққа жүгінуге көндірді.
«Қыз бала мектепке бармаған, орталықта алғаш рет ойыншықтармен ойнады. Қазіргі уақытта қызға және анасына медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Әйелдің айтуынша, ол – Оңтүстік Қазақстанның тумасы екен. Құжат жасау үшін тұлғаны растау рәсімі жүргізілуде. Хабарлама Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы адам
саудасына қарсы күрес жөніндегі 116-16 тікелей желісіне келіп түскен, кейін аумақтылығы бойынша СҚО полициясына жіберілді», -дейді СҚО полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде облыс бойынша жеңгетайлықтың бір фактісі, «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша 3 факті анықталды. Есепке 16 әйел қойылды, оның біреуі Қырғыз Республикасының азаматшасы.