СҚО-да газ баллоны жарылып, әжесі мен немересі күйіп қалды

Солтүстік Қазақстан облысы Бексейіт ауылында газ баллоны жарылып, 83 жастағы әйел мен оның 21 жастағы немересін күйік шалды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 5 қаңтар күні болған.

Сағат 19.43-те Мамлют ауданының № 15 өрт сөндіру бөліміне 27 литрлік газ баллонының жарылғаны туралы ақпарат келіп түсті.

Салдарынан екі шаршы метр алаңда төбенің тартпасы жанған. Екі адам — 1940 жылы туған әйел және оның 2002 жылғы немересі күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар газ аспаптарын дұрыс қолданбайды, қауіпсіздік ережесін сақтамайды.

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Мәселен:

автомобильге арналған стационарлық газ құю станциясында автокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға тыйым салынған;

баллондарды тек сыйымдылығының 85% ғана толтырған жөн;

үй-жайда газы бар баллондарды жылыту радиаторларынан және басқа да жылыту аспаптары мен пештерден кемінде 1 метр және ашық отпен жылыту көздерінен кемінде 5 метр қашықтықта болуы тиіс;

газ баллонын жылы бөлмеге енгізгеннен кейін бірден пайдалануға қатаң тыйым салынады — жарылыс болуы мүмкін.

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Бұған дейін СҚО Меңгесер ауылында газ баллонының жарылғанын айтқан едік. Сол сәтте үйде болған бес адам түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жатқызылды.