СҚО-да газ баллоны жарылып, бес тұрғынды күйік шалды
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Меңгесер ауылындағы тұрғын үйде 5 литрлік газ баллоны жарылып, бес адамды күйік шалды, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 4 қаңтар күні сағат 15.00 шамасында болған. Мамлютка қаласындағы №15 өрт сөндіру бөліміне хабар түсісімен оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жетті.
Газ баллонның жарылуынан үйдің төбесі жартылай құлап, қабырғалары зақымданған.
Жарылыс кезінде үйде болған бес адам: 1970, 1979, 1977 жылы туған ер адамдар және 1966 жылғы әйел, 2007 жылғы қыз түрлі күйікпен ауруханаға жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Аққайың ауданы Смирново елді мекеніндегі екі қабатты тұрғын үйде де газ баллоны жарылып, 12 жасар қыз мерт болды, оның 22 жастағы ағасы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Ал жалпы соңғы үш жылда СҚО-да қолданыстағы 30 газ баллоны жарылған.