СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция ведомствосында 120 зейнеткер әйел есепте тұр. Олардың әрқайсысына Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ардагерлер кеңесінен сыйақы беріліп, құттықтау айтылады. Оларға жалпы сомасы 1,5 млн теңге сыйақы берілмек. Соғыс ардагерлерінің 3 жесірі мен 7 тыл еңбеккері де ерекше құрметке ие болады.
Полиция департаментінде полиция ардагерлері мен погон таққан қыз-келіншектердің құрметіне жыл сайынғы дәстүр бойынша мерекелік іс-шара өтті. Ардагерлер есімдері мерекелік бұйрыққа да енгізілді. Роза Пламадяла, Күлбарам Бәкенова, Ольга Шматченко «Қажырлы еңбегі мен жеке үлесі үшін», Тамара Аникина, Валентина Окунева, Валентина Пахота «Қолдаушы» медальдарын алды. Зейнеткерлер демалысқа шықса да белсенді өмір салтын ұстанады. Ведомствоның барлық іс-шараларына қатысады. Бес ардагер өз бөліністерінде тәлімгер ретінде қызметтерін жалғастыруда.
Солардың бірі - отставкадағы полиция подполковнигі Күлбарам Бәкенова. Отыз жылдық еңбек өтілі бар тергеуші 2015 жылдан бастап құрметті демалыста. Ол бір жылдан соң Петропавл қаласы полиция басқармасындағы тергеу бөліміне аға нұсқаушы болып оралды. Содан бері 4 жыл бойы жас мамандарды тергеуші мамандығының қыр-сырына үйретіп келеді. Бұдан бөлек, Күлбарам Шеріқызы динамолық қозғалыстың барлық спорт іс-шараларында ардагерлер намысын қорғап, департаменттің басқа да қоғамдық маңызға ие іс-шараларын қалт жібермейді.
СҚО Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеевтің айтуынша, мұндай қасиет полицияның барлық әйел ардагерлеріне тән.
«Қызмет атқарған жылдары көп уақытын жұмыста өткізуге үйренген, ұжымдарына әбден бауыр басып қалған офицер әйелдеріміз өздерінің бөліністерімен үнемі байланыста. Оларға кеңестерін айтып, қызметті мінсіз, әрі сапалы атқаруға үйретеді», - дейді Сұраған Көпеев.