СҚО-да ит-мысықты ұстап-асырау қағидалары өзгереді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жануарларды ұстау, серуендету, аулау және уақытша күтіп-бағу қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Фото: Абай облысы әкімдігінен

СҚО ветеринария басқармасы өңірлік Қоғамдық кеңес отырысында қағидаларға енгізілетін екі түзету жобасын таныстырды. Құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасындағы соңғы өзгерістерге сәйкестендірілген және «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өткен.

Жаңашылдықтың бірі - жануарларды уақытша ұстау мерзіміне қатысты. Енді ол бес күн болып белгіленеді. Бұл уақыт ішінде жануардың бұрынғы немесе жаңа иесін табуға мүмкіндік беріледі. Ал ит-мысық үйінен адасқан болса, оның иесін іздеудің жеке тәртібі қарастырылған. 

Тағы бір маңызды талап үй жануарларынан бас тартқан азаматтардың жауапкершілігіне қатысты. Егер иесі итін немесе мысығын әрі қарай асырай алмаса, оны көшеге тастай алмайды. Жануарды арнайы панажайға, уақытша ұстау пунктіне тапсыруы немесе жаңа ие табуы тиіс. Уақытша ұстау пунктіне өткізген жағдайда да жануарды күтіп-бағу міндетінен босатылмайды. Ол жануар әрі қарай орналастырылғанға дейін жауапты болады.

Сонымен қатар стерилизациядан өткен, вакцинацияланған және чип салынған иттерді дәл осы рәсімдерді қайталау үшін қайта аулауға тыйым салу ұсынылды. Алайда жануар агрессия танытса немесе емдеуді қажет етсе, бұл шектеу қолданылмайды.

Жануарларды уақытша ұстауға арналған инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмаған. Облыстық ветеринария басқармасы Петропавлда және аудандарда уақытша ұстау пункттерін кезең-кезеңімен салу жөніндегі жол картасын әзірлеген.

Мамандардың айтуынша, жаңа өзгерістерді енгізудегі мақсат - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агрессивті жануарлардың шабуылына жол бермеу және үй жануарларына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Бұған дейін Өскеменде биыл 800-ден астам адамды ит қапқанын жазған едік.