Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері арасында өтіп жатқан турнир үш күнге жалғасады. Жарыс Петропавлдағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалының базасында ұйымдастырылған.
Қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілерді еске алу турнирі Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр. СҚО-да іс-шараға облыстық полиция ведомствосының басқармалары мен бөлімдерінен 100-ден аса погондағы спортшы қатысты.
Турнирді ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, қаңтар айында тәртіпті қамтамасыз еткен полицейлер мен әскери қызметшілер ерлік көрсетіп, ең қымбат – өмірлерін аямады. Өзінің кәсіби борышына адал болу, дәстүрлерді сақтау және жалғастыру жас құқықтық тәртіп сақшыларын тәрбиелеудің негізі.
«Волейбол – күш пен төзімділікті талап ететін ойын ғана емес, командада әрекет ете отыра, нәтижеге қол жеткізуді үйретеді. Турнирге қатысып жатқан 13 команданың ішіндегі спортшылардан үздікті анықтау қажет», - дейді СҚО полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Жанат Сағденов.
Жарыстың ақтық сыны 26 наурыз болады. Еске алу турнирінің жеңімпаздары құнды сыйлықтар және кубоктармен марапатталады.