«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Ақмола облысынан келген ағын су есебінен Есіл өзенінің су деңгейі қайта көтеріле бастады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл ауылының маңында өзен деңгейі өткен тәулікте 39 см-ге көтерілді. Дружба ауылының маңында 28, ал Тоқсан би ауылының қасында 24 см-ге артты. Сергеевка қаласының жанында бір тәулікте 15 см-ге, ал су қоймасында 8 см-ге жоғарылағаны тіркелді.
Мамандардың айтуынша, екінші толқынның шарықтау шегі болжам бойынша гидрологиялық бекетте сәуір айының соңында өтеді.
Ал Петропавлда Есіл өзенінің су деңгейі түсе бастады. Өткен тәулікте қаладағы су қоймасының деңгейі 6 см-ге төмендеді.
Осыған орай бүгін сағат 11:00-де республикалық маңызы бар KZ15-09 «Петропавл қаласының айналма жолы» автожолының 25-30 шақырым аралығы көліктің барлық түрі үшін ашылады. Бұған дейін Есіл тасып, судың асфальтқа жайылуына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылған еді.