СҚО-да көлде қайығын жел айдап кеткен балықшы қария құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының 70 жастағы тұрғыны балық аулауға шығып, қатты желдің салдарынан қайығымен ауылдан алыстап кеткен. Ер адамды ауылдан қашық жерден, қалың қамыс арасынан полицейлер мен құтқарушылар аман-есен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Бескөл ауылының 70 жастағы тұрғыны Сергей Косенко туыстарын ескертпей, таңертең көлге кетіп қалған. Тек кешке жақын зейнеткер балаларына телефон арқылы хабарласқан. Ер адам қайықпен көлдің ортасына кетіп қалып, бағытынан адасып кеткенін айтқан. Сондай-ақ немересіне көлдің Аққайың ауданы Дайындық ауылына жақын жерде екенін айтып үлгерген, кейін телефонының қуаты таусылып, байланыс үзіліп кеткен.

Сол күні басталған жаңбыр мен қатты жел туыстарын әбігерге салған. Өздігінен қарияны таба алмайтынына көз жеткізген балықшының немерелері «112» арнасына хабарласып, көмек сұраған.

Аққайың ауданының учаскелік полиция инспекторы мен ТЖД қызметкерлері балық аулауға шығып, адасып кеткен ер адамды іздеп табуға жәрдемдесті.

Іздеу тобы қызметтік автокөлігімен көл жағасын аралап, балықшының үстінен түседі.

5 сағат бойы жағаға шыға алмай адасқан зейнеткер қамыс арасынан көрінген жарықты байқап, жағалауға қарай бет алды. Қатты тоңған ер адамды жағалауда туыстары күтіп алды.

«Қиын жағдайға тап болғанда не істеріңді білмейсің, абдырап қаласың, бойыңды қорқыныш билейді. Полиция, төтенше жағдай департаментінде нағыз мықты, батыл, өз ісіне жауапты, қолдау көрсететін қызметкерлер жұмыс істейді. Атамызды аман-есен тауып берген оларға алғысым шексіз», - дейді Бескөл кентінің тұрғыны Наталья Салмина.