СҚО-да құтқарушылар өрт кезінде жарылыс қаупінің алдын алды

Фото: ТЖМ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Булаево қаласында Мичурин көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шықты, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт 54 шаршы метр аумақты шарпыған.

- Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ күштері өртті сөндіру барысында өрт ошағынан бір газ баллонын шығарып үлгерді. Бұл жарылыс қаупінің алдын алуға мүмкіндік берді, - деп жазды ведомстводан.

Зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт немесе басқа да төтенше оқиғалар кезінде 112 нөміріне хабарласуды ескертеді.

Айта кетейік, кеше Алматы облысында құтқарушылар газ баллондарының жарылысының алдын алды.