СҚО-да медициналық жабдық сауда-саттығында сөз байласқан компания жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – СҚО-дат медициналық жабдықтардың сауда-саттығында бәсекелестікке қарсы келісім жасалғаны дәлелденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Монополияға қарсы департамент жүргізген бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына тергеу нәтижелері бойынша «Гелика» ЖШС және «Аманат» ЖШС медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша сауда-саттыққа қатысушылардың әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы келісім (картель) фактісі анықталды.

«Картельдік сөз байласу жолымен субъектілер тапсырыс беруші бөліп көрсеткен бағаға мөлшерлес белгілеу арқылы кезек-кезек көрінеу ұтылып қалатын ұсыныстарды ұсына отырып, жасанды бәсекелестікті құрған. Осылайша, субъектілер медициналық ұйымдармен мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу үшін өздеріне неғұрлым тиімді жағдай жасаған.

Істі қарай отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар департамент жинаған картельдік сөз байласудың дәлелдемелері жеткіліксіз деген қорытындыға келді, осы негізде шешімдерді нарық субъектілерінің пайдасына шығарды. Бұл ретте картельдің бар екендігін куәландыратын жанама дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілмеген.

Жоғарғы сотта іс материалдарын жанама (тікелей емес) дәлелдемелер жиынтығына зерделеп, жоғарыда аталған субъектілердің әрекеттерінде монополияға қарсы бұзушылық – картельдік сөз байласу фактісі дәлелденді деген қорытындыға келді», делінген хабарламада.

Жоғарғы соттың қаулысымен бірінші және апелляциялық инстанция соттарының шешімдері жойылған.

Осылайша, тергеу нәтижелері бойынша «Гелика» ЖШС атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тоқтату және жою туралы нұсқама енгізілді, сондай-ақ әкімшілік іс қозғалды.

Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 1 741 369 теңге көлемінде айыппұл салып, 3 402 758 теңге монополиялық табысты тәркіледі. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Шығарылған ұйғарым орындалды.