Әлеуметтік желіде мұғалімнің жазбасы тарады. Ұстаздар мәселені ашық айтуға жұмыстан шығарып жібере ме деп қорқады.
- Көп жылдан бері бізден Қарттар күніне біркүндік еңбекақымызды жинап алады. Сондай-ақ, 9 мамыр күні ардагерлерге деп жинайды. Соңғы 3-4 жылдан бері біркүндік емес, 50% алатын болды. Ауданда ардагерлер қалмады, сонда да жинайды.
Биыл бізге 100 мың теңге жинау қажет деді. Мектебімізге 17 зейнеткер бекітілген. Кәсіподақ төрағасына бұйрық береді, осындай сома керек деп. Директорымыз «ешқандай бұйрық берген жоқпын, тізімді әкімдіктен әкелді» деп айтты, - дейді атын атамауды сұраған мұғалім.
СҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаеваның айтуынша, ведомствоға мәжбүрлі ақша жинауға қатысты бір де бір шағым түспеген.
- Қазіргі уақытта тиісті ақпаратты тексеру және мәліметтерді нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Білім басқармасы білім беру ұйымдарына Қарттар күніне арналған іс-шараларды мұғалімдерден, білім алушылардан және ата-аналардан міндетті түрде ақша жинамай және дастарқан жаймай, шығармашылық концерттер мен мерекелік бағдарламалар форматында өткізуді ұсынады.
Білім беру ұйымдарында ақшаны мәжбүрлеп жинауға тыйым салынғанын ескертеміз. Мұндай іс-шараларға қатысу тек ерікті түрде ғана жүзеге асырылады.
Егер де ақша жиналғандығы жөнінде шағым түсіп, факт болса, білім басқармасы тексеру жүргізіп, құқықтық баға беріледі, - деді Әсел Оразбаева.
Бұған дейін педагог мәртебесі қалай қорғалып жатқандығы туралы жазған едік.