Педагог мәртебесі қалай қорғалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 5 қазан – Ұстаздар күні. Кәсіби мерекеге орай Kazinform тілшісі педагогтерге көрсетілетін қолдау мен саладағы негізгі өзгерістерге шолу жасады.

Астанада «Құрметті педагог» атағын иеленген 5 ұстаз анықталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Педагог мәртебесі қалай өзгерді?

Елімізде педагогтерді қолдау шаралары кезең-кезеңімен күшейіп келеді. Соның бірі – «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы. Биыл заңға білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтетін қосымша нормалар енгізілді.

Мұғалімнің қоғамдағы беделін арттыруға басымдық беріліп отыр. Мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізіліп, бүгінде оған 100-ге жуық педагог ие болды. Сонымен қатар соңғы үш жылда үш мұғалім «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды.

Мамандықтың мәртебесіне қатысты оң өзгерістер халықаралық зерттеулерден де көрінеді. TALIS-2024 дерегіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін арттыру көрсеткіші бойынша әлемде екінші орынға шыққан. Ал жалақысына қанағаттану деңгейі бойынша ел алғашқы бестікке енді. Зерттеуге қатысқан педагогтердің 95 пайызы мамандығына көңілі толатынын, 80 пайызына қайта таңдау берілсе, мұғалім болуды қайта таңдайтынын айтқан.

Демалыс, үстемақы және тұрғын үй

Педагогтерге әлеуметтік қолдаудың нақты тетіктері қарастырылған. Мұғалімдерге жыл сайын 56 күнтізбелік күн ақылы еңбек демалысы беріледі. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққан кезде кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.

Мәселен, жалақысы 280 мың теңге болатын мұғалім еңбек демалысының ақысынан бөлек, кемінде 280 мың теңге көлемінде сауықтыру жәрдемақысын алады. Ал демалыс ақысы орташа күндік жалақы негізінде есептеледі.

Мұғалімнің ай сайынғы табысына кәсіби білімі мен қосымша атқаратын міндеттері де әсер етеді. Мәселен, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі бар педагогке ай сайын 10 АЕК, ал еңбек жолын енді бастаған әріптесіне тәлімгерлік ететін мұғалімге 1 АЕК көлемінде үстемақы беріледі.

– Заңнамада лауазымдық айлықақыға түрлі ай сайынғы үстемақылар мен қосымша төлемдер қарастырылған, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің жауабында.

Жекелеген пәндерді оқытатын педагогтерге де қосымша төлем қарастырылған. Атап айтқанда, жоғары сыныптарда физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерге базалық лауазымдық айлықақының 200 пайызы мөлшерінде қосымша ақы белгіленген.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Тағы бір маңызды тетік – тұрғын үй. Биылдан бастап педагогтер «Отбасы банктің» «Отау» және «Наурыз» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына қатысатын басым санаттардың қатарына енгізілді.

Бағдарламаға қатысу үшін педагогтің «Отбасы банкте» депозиті болуы, өтінім беріп, педагог мәртебесін растауы және төлем қабілетін бағалаудан өтуі қажет. Бұл ретте оның ресми табысы, соның ішінде біліктілік санаты, ғылыми дәрежесі мен тәлімгерлігі үшін алатын қосымша төлемдері де есепке алынады.

Кадр тапшылығы мен аттестаттаудағы өзгеріс

Министрліктің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында өңірлер мемлекеттік білім беру ұйымдарына 11 435 педагог қабылдауды жоспарлаған. Оның 5741-і немесе 50,2 пайызы – жас маман.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Жас кадрларды тарту үшін жұмысқа орналасу талаптары жеңілдетілген. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып, жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен тәмамдаған және сертификаттаудан өткен түлектер педагог ретінде конкурссыз жұмысқа орналаса алады.

Ал ауылға барған жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша қосымша қолдау көрсетіледі.

– Биыл жоба аясында жас мамандарға 432 500 теңге, яғни 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін бюджеттік несие беріледі. Аудан орталықтарында оның көлемі 10,8 млн теңгеге дейін, ал басқа ауылдарда 8,6 млн теңгеге дейін жетеді, – делінген ведомствоның жауабында.

Қазір 16 729 мұғалім зейнет жасына жеткен. Бұл – педагогтердің жалпы санының шамамен 4 пайызы. Мектеп мұғаліміне аптасына 16 сағат оқу жүктемесі белгіленген. Бос орын болған жағдайда педагог қосымша жүктеме ала алады, алайда оның көлемі аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс.

Кадр мәселесімен қатар педагогтердің кәсіби бағалау жүйесі де өзгеріп жатыр. Биыл аттестаттаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылды. Енді аттестаттау кезінде эссе, авторлық бағдарлама немесе оқу-әдістемелік материал әзірлеу міндетті емес. Біліктілік санаты оның мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады.

Оның аясында педагогтің кәсіби цифрлық бейіні бағаланады. Оның ішінде сабақтарды жоспарлау және өткізу сапасы, оқушылардың білім сапасы мен ілгерілеуі, педагогикалық қызметті бақылау нәтижелері, оқушылардың олимпиада, конкурс, жарыс пен чемпионаттардағы жетістіктері ескеріледі.

Сонымен бірге педагогтің кәсіби конкурстарға қатысуы, тәжірибесін таратуы, шығармашылық және жұмыс топтарына қатысуы, біліктілікті арттыру курстарынан өтуі де назарға алынады. Министрлік оқушылардың жетістігі педагогті бағалаудың жалғыз өлшемі болмайтынын алға тартады.

Мұғалімнің құқығы қалай қорғалады?

Педагогтерге берілген әлеуметтік кепілдіктермен қатар, олардың еңбек құқықтарын қорғауға да басымдық берілген. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, құжат электронды түрде рәсімделсе, оны қағаз түрінде қайта тапсыру талап етілмейді. Сондай-ақ мұғалімді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға, оның ішінде сабақтан тыс іс-шараларға тартуға болмайды.

Педагогтің оқушыға жауапкершілігіне қатысты талаптар да нақтыланған. Мұғалім оқу процесі кезінде оқушының қауіпсіздігіне жауап береді, ал сабақтан тыс уақытта жауапкершілік ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі.

Ирина Смирнова.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Бұған дейін қандай жағдай болмасын, қай жерде және қашан болғанына қарамастан, оқушыға сынып жетекшісі мен мектеп әкімшілігі жауапты деген норма болған. Енді сабақ аяқталғаннан кейін оның қауіпсіздігіне ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді. Ал оқу процесі кезінде бұл жауапкершілік педагогке жүктеледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің VI–VIII шақырылымдарының депутаты Ирина Смирнова.

Есептілікке қойылатын талаптар да нақтыланған. Нормативтік құжатта қарастырылмаған қосымша нысандарды талап етуге жол берілмейді. Ал бір мәліметті әртүрлі форматта қайта ұсыну міндеттелсе, педагог одан бас тартуға құқылы.

– Егер қосымша, нормативтік құжатта қарастырылмаған немесе нақтыланбаған нысан талап етілсе, педагог одан бас тартып, мәліметтердің белгіленген ережеге сәйкес ұсынылғанын айтуға құқылы. Мысалы, есепті жазбаша түрде сұратып, кейін оны электронды форматта қайта талап етсе, педагог оны қайталап ұсынудан бас тарта алады.

Бұдан бөлек, педагогтерге кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарды тапсыруға, оның ішінде сабақтан тыс іс-шараларға тартуға болмайды. Егер мұндай жағдайлар орын алса, олар шағым түсіре алады, – деді «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Аида Мейірқұлова.

Аида Мейірқұлова.
Фото: orleu.edu.kz

Ұстаздықты таңдаған әулет

Ұстаздықты отбасылық дәстүрге айналдырған әулеттер де бар. Солардың бірі – Имировтер отбасы. Әулеттегі ұстаздық дәстүр Күлдашқан Токтасынбековадан басталады. Ол 1969-2009 жылдары Алматы облысының Сұңқар ауылындағы орта мектепте 40 жыл еңбек еткен.

Анасының жолын жалғастырған Дамир Имиров 1996 жылдан бері білім беру саласында қызмет етіп келеді. Қазір Алматыдағы №220 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Жұбайы да осы салада, тарих пәнінің мұғалімі.

Дамир Имиров.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Әулеттің үшінші буыны – Жәнел Дамирқызы. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «Арнайы педагогика» мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде әкесімен бір мектепте мұғалім-логопед болып еңбек етеді. Жәнел ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқуына қолдау көрсетіп жүр.

Осылайша бір әулеттің үш буыны білім беру саласында әр бағытта еңбек етіп жатыр. Оларды біріктіретін ортақ мақсат – баланың қабілетін ашып, сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұл мысал ұстаздықтың ұрпақ сабақтастығын жалғайтын мамандық екенін көрсетеді.