СҚО-да полицейлер кәсіби мереке қарсаңында велошеру өткізді
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі велошеру үшінші жылдан бері өткізіліп келеді. Жарысқа биыл тәртіп сақшылары ғана емес, олардың отбасы мүшелері және полиция ардагерлері қатысты.
Жарысты үш аяқты велосипед, «самокат» мінген балалар ашып берді. Олардан кейін сайысты сәл ересек жасөспірімдер және веломектептің тәрбиеленушілері жалғастырды. Мәреде балаларға арнайы сыйлықтар берілді.
«Спорт адамның денсаулығын қалыпта ұстауға көмектеседі. Дене шымырлығы- құқық қорғау органдарында еңбек ететін қызметкерлерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Жалпы, біз осы салауатты өмір салтын насихаттау арқылы тұрғындарды спортқа көбірек тартқымыз келеді», - деді велошеруге қатысқан ведомство басшысы Марат Төлебаев.
Үш шақырымды бағындырған велошерушілерді тұрғындар Қазақстан Конституциясы көшесіндегі Полиция департаментінің әкімшілік ғимаратының қасында салтанатпен күтіп алды.
Ал Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы облыстық аппараттың бастамасын қолдап, бір күн бұрын 70 қызметкері қатысқан велошеру өткізді.