СҚО-да полицейлердің екі жаңа стационарлық бекеті ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жыл қарсаңында полицейлердің екі стационарлық бекеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов полицияның кешенді күштерінің биылғы соңғы гарнизондық таратуына қатысты. СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевпен бірге қызметтік автокөліктерді көріп, облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға түсетін жеке құрамға сәттілік тіледі.

«Биылғы жыл бәріміз үшін оңайға соқпады, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Коронавирус инфекциясымен күрес кезінде полицейлер алдыңғы шепте тұрып, тәулік бойы қызмет атқарды», - деді облыс әкімі.

Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және жеке тәртібі үшін бірнеше полиция қызметкері марапатталды.

Полицейлер облыс әкіміне Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан модульдік үлгідегі жаңа стационарлық бекетті көрсетті. Мұнда патрульдік, ювеналдық полиция қызметкерлері мен учаскелік инспектор отырады.

«Жұмыстың сервистік моделіне көше отыра, біз құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттермен ғана шектелмейміз. Қолжетімділік, шұғыл, жедел әрекет ету - халықпен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай заманауи бекеттер «халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеудің негізі», - дейді полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев.

Стационарлық бекеттерде іші-сыртына тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Камералардағы бейнежазбаны Жедел басқару орталығы онлайн режимінде көре алады. Модуль заманауи талаптарға сай техникалық жабдықталған. Бөлмеде компьютер, стационарлық телефон және дабыл кнопкасы, сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкері мен учаскелік полиция инспекторының қолында бейнетіркегіштер мен планшеттер бар.

Бекеттер адамдар көп жүретін орталық саябақтың кіре берісіне және «Сити-молл» сауда үйінің маңында орналасқан.