СҚО-да полицейлер шетелдік нөмірлі автокөліктерді тексеріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер шетелде тіркелген автокөлік иелерінің негізінен қандай құқық бұзушылыққа жол беретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін шетелде тіркелген автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынған.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері күн сайын шетелдік нөмірлері бар автокөліктер бойынша рейдтер жүргізіп жатыр.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Тәртіп сақшылары жүргізуші куәліктерін, техникалық паспорттарды және басқа да құқық белгілейтін құжаттарды тексереді. Рейдтердің барысында барлығы 432 автокөлік тексерілді.

Құқық бұзудың 43 дерегі анықталды. Жиі жасалатын заңбұзушылықтар - мерзімі өткен сақтандыру, техникалық байқаудан уақтылы өтпеу.

"Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі және ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Мұндай рейд жүргізудегі мақсат - шетелдік есепте тұрған автокөліктердің ҚР заңнамасының талаптарын сақтауы. Бұл әсіресе транзиттік автотрафигі жоғары шекаралас аймақта өзекті", - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.

Жыл басынан бері СҚО аумағында шетелдік есепке алынған автокөліктердің қатысуымен 34 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 52 адам жарақат алды.