СҚО-да сатушы зейнеткерге млн теңгеге сапасыз есту аппаратын сатқан

Фото: freepik.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 178 өтініш түсті.

Ведомство басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваның айтуынша, тұтынушылар шағымының басым бөлігі бөлшек саудаға қатысты, екінші орында электрондық сауда тұр. Сондай-ақ тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрмыстық қызмет көрсету сапасына да жиі арызданады. 

- Тұтынушылар өтініштерінің 47,7% қанағаттандырылды, 18,5% басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 5,6% мәселе біздің араласуымызсыз оң шешіліп, қайтарылды. Қалған өтініштер бойынша түсініктемелер берілді. Биылдан бастап тұтынушылардың құқығын қорғауда Заң күшейтілді. Егер бұрын кәсіпкерлік субъектілері «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, енді жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - дейді Ләзім Мияшева.

Департаментке шағымданғандардың бірі - 986 мың теңгеге есту аппаратын сатып алған зейнеткер әйел. Тауар сапасыз болып, ақшасын қайтармақ болған. Бірақ сатушы сөзбұйдаға салып, тұтынушы талабын орындауға асықпаған.

- Жоспардан тыс тексеру жүргізіп, сатушы ақшаны қайтарды. Сонымен бірге, ол заңға сәйкес өз міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал Петропавл тұрғынына гипермаркетте «ромашка» деп аталатын нан көрсетілген баға - 249 теңгеге емес, 360 теңгеге сатылған. Заңбұзушылық расталып, сатушы құқық бұзушылық фактісін мойындады. Оған да 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, қысқартылған тәртіппен осы соманың 50% төледі, - дейді Ләзім Мияшева.

Бұған дейін Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру рәсімінде мектептің төбесі құлағанын жазған едік.