СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде індет басталғалы коронавирус жұқтырудың 23 052 жағдайы тіркелді. Оның 455-і, яғни 1,9 %-ы сырттан әкелінген. Барлық жұқтырғандардың 71 %-ында ауру белгілері болған.
Соңғы екі апта ішінде ауырғандар саны шамамен екі есе, 48 %-ға төмендеген. 13 тамыз бен 26 тамыз аралығында 2 177 адам ауырса, өткен екі аптада 1 117 адам жұқтырған.
«Өткен тәулікте жаңадан 72 жағдай тіркелді, оның 61-інде сырқаттар дәрігерге ауырып көрінген. Ең көп жағдай әдеттегідей Петропавлдың үлесінде – 32 адам ауырған. Тайыншада – 8, М.Жұмабаев ауданында – 7, Жамбылда – 6, қалғандарында бесеуден басталады», - дейді Әсет Жұматаев.
Бұған дейін өңірде жаңа оқу жылы 84 оқушының және 19 мұғалімнің коронавирус жұқтырғанын айтқан едік.
СҚО-да қазір 2580 нысан Ashyq жобасына қосылған. Осы бағдарлама арқылы үй карантинін бұзғандығы анықталған 31 адам жауапкершілікке тартылды. Олар қоғамдық орындарға кірмек болған. Тағы 50 адамға қатысты материал қаралып жатыр.