«Ұлттық сараптама орталығы» РМК «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Жұлдызбек Жамантаевтың айтуынша, орталық мамандары 22 сәуірден бастап бұл жұмысқа кірісіп кетті. Дезинфекцияны 4 маманнан құралған бригада атқарады. Қазіргі уақытта олар Тайынша ауданында жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін мұндағы 21 үйдің 18-і зарарсыздандырылды.
«Су басқан аумақты дезинфекциялаудағы мақсат – тұрғындардың арасында жұқпалы инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу. Сондықтан су басқан үйлер, олардың аумағы, аула, балалардың ойын алаңы, құдықтар мен ұғымалардың айналасы зарарсыздандырылады. Үйдің ішіне кіріп, міндетті түрде қабырғаларын, еден-есіктерін, ыдыс-аяқты, төсек-орынды, тіпті ойыншықтарға дейін өңдейміз. Соның ішінде жиһаздарды, қабырғалар мен едендерді сүртіп, не болмаса шашу арқылы дезинфекцияласақ, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, көрпе-жастық тыстары, жамылғылар арнайы ерітіндіге салынады», - дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Мамандар дезинфекция үшін құрамында хлоры бар кез келген - «Дезэконом», хлорамин, сульфохлорантин, Дезхлор, «ДП Алтай» сияқты препараттарды қолданады.
«Дезинфекциялық жұмыс су кеткен үйлерге жүргізіледі. Әзірге өңірде су тасқынының екінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан негізгі жұмыс алда», - дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Бұған дейін СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының 100 тұрғын үй салуға 10 млрд теңге бөліп, облыстық әкімдікпен меморандумға отырғанын айтқан едік.