СҚО-дағы су тасқыны: «Қазақстан халқына» қоры 100 үй салып бермек

"Қазақстан халқына" қоры
Фото: "Қазақстан халқына" қоры

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен аудандарда 100 тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды.

«Қазақстан халқына» қорының мәліметінше, тұрғын үйлер дайын инженерлік инфрақұрылымы мен коммуникациялары бар «Солнечный – 2» шағын ауданында жүргізіледі. Сондықтан құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік бар.

Құрылыс жұмыстарының көлемі мен нысандар тізбесі айқындалғаннан кейін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді, үлгілік жобаны зардап шеккен тұрғындармен келісе отырып, ҚР заңнамасы бойынша кешенді сараптама және басқа да рұқсат беру құжаттамасы алынбақ.

СҚО әкімдігі құрылысқа қажетті жерді бөлумен қатар құрылыс салушы компанияларды, оның ішінде авторлық және техникалық қадағалау бойынша қызмет көрсетушілерді іріктеу рәсімін өткізеді.
Барлық кезеңдер ашық өтуі үшін мониторинг жүргізуге облыс әкімдігінің жұмыс тобына жергілікті атқарушы орган өкілдерімен қатар тәуелсіз сараптамалық (бағалау) құрылымдарының өкілдерін және қоғамдық ұйымдарды қосу ұсынылды.

Бұған дейін Қордың Қамқоршылық кеңесі еліміз бойынша үйлердің құрылысына 10 млрд теңге бөлу туралы шешімді бекітті. Қосымша, бұл мақсатқа 1-30 сәуір аралығында ерікті қайырымдылықтан жиналған қаражат бағытталады. 24 сәуірдегі ақпарат бойынша Қордың шоттарына 2,9 млрд теңге түскен.

Бұған дейін Петропавлда су тасқынының екінші толқыны басталғанын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар