СҚО-да тасқыннан зақымданған 700 үй жөнделіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан кейін зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру, үйлерді жөндеу және тұруға жарамсыз баспаналарды бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданындағы Тепличное, Петропавлдағы Былғары және Заречный кенті, Ойқала шағын ауданында үйлерді жөндеу және апатты үйлерді сүру барысын көрді. Бұл жайында өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен аудандарда жұмыстарды облыстың әр ауданынан көмекке келген механикалық бригадалар атқару үстінде. Барлығы 600-ден астам адам жұмылдырылған.
«Бүгінгі таңда қалпына келтіруге келмейтін 220 үй бұзылды. Облыс бойынша барлығы 1972 баспана жөндеуді қажет етсе, оның 700-інде жөндеу жүріп жатыр. Жауапты басшыларға және бекітілген аудан әкімдерінің орынбасарларына үйлерді мұқият кептіріп, жөндеуді сапалы жүргізуді тапсырдым. Тұрғын үй мәселесін шешу қатаң бақылауда. Жаңа «Бірлік» шағын ауданында 100 отбасы жаңа баспанаға ие болды. 600 үйдің құрылысы жүріп жатыр, олар кестеге сай берілмек. Облыста екінші нарықта 450 пәтер сатып алынды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тағы 47 отбасы жаңа баспанаға кіргенін жазған едік.