Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мониторинг департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының бастамасымен ұйымдастырылды. Нәтижесінде 25 мемлекеттік мекеме жоспардан тыс тексерілді. Соның 19-ында заңбұзушылықтар анықталған.
- Ақжар ауданында төрт ауылдық округ әкім аппараты, Ақжар ауданы полиция бөлімі, Ақжар ауданының архивінде, Айыртау ауданы үш ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратында, Есіл ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ветеринарлық станция, Явленканың №1 мектебі ғимаратында, Уәлиханов ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Ішкі саясат бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі және М.Жұмабаев ауданы Полудинский, Чистовский ауылдық округтерінің әкім аппараттары, экономика және қаржы бөлімі ғимараттарында пандус болмады, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мамандары.
Петропавлдағы СҚО бойынша Экология департаменті де талапқа сай болмады. Анықталған олқылықтарды жою мерзімін көрсете отырып, 19 мемлекеттік мекемеге ұйғарым шығарылды.
Сондай-ақ 2 ұйым - СҚО бойынша экология департаменті және Явленканың №1 мектебі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 83-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Павлодарда мүгедектердің тактильді жолақтары мен пандустары талапқа сай болмағанын жазған едік.