«Заң және Табиғат» деп аталатын Telegram-бот - СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасы. Тұрғындар цифрлық сервиске заңсыз ағаш кесу, ауаның және су айдындарының ластануы, жерді бүлдіру, браконьерлік және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілері туралы тәулік бойы хабарлай алады.
Жаңа бастаманың басты ерекшелігі - ботқа түскен барлық ақпарат тікелей табиғат қорғау прокурорларының қарауына жіберіледі.
- Шағым бірден біздің қарауымызға түсіп, мәліметтердің сыртқа таралу қаупін азайтады. Нәтижесінде жедел әрекет етіп, заңбұзушыларды оқиға орнында ұстау мүмкіндігі артады. Хабарламаны жіберу үшін Telegram-ботқа өтіп, анықталған фактіні сипаттап, бар болса, фото немесе бейнематериалдарды қоса беру жеткілікті. Telegram-бот іске қосылғалы алты хабарлама түссе, оның төртеуі бойынша заңбұзушыларға әкімшілік жаза қолданылды. Тағы екі дерек тексеріліп жатыр, - дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Айтуған Қаскербаев.
Бұдан бөлек, бот арқылы өтініш жолдаған тұрғындармен кері байланыс орнатылады, олар өз шағымының қаралу нәтижесін бақылай алады.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау жеделдігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де осындай жедел байланыс арнасын қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Smart National Burabay жүйесі енгізілгенін жазған едік.