СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Ішкі істер министрлігі 2020 жылды полицияның учаскелік инспекторларының жылы деп жариялады. Полиция лейтенанты Азатбек Темірханұлы алғашқылардың бірі болып қызметтік баспанаға қол жеткізді.
Аққайың ауданында өткен жедел кеңесте СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Таев Азатбек Темірханұлына жаңа үйдің кілтін табыс етті. Аумағы 75 шаршы метр болатын қызметтік үй Трудовое елді мекенінде орналасқан. Оны учаскелік инспекторға осындағы «Санта-Мария» ЖШС басшысы Павел Леонов салып берді.
СҚО-ға оңтүстік өңірден қоныс аударған Азатбек енді жылы, әрі жаңа үйде қыстап шығады. Жас отбасы жақында сәбилі болмақ.
«Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті және жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан қамқорлық бізге қосымша жауапкершілік артады. Сенім үдесінен шығып, жүктелген міндетті абыроймен орындауға барымды саламын», - дейді жас маман.
Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың мәлім етуінше, полицияның учаскелік инспекторлары жылында учаскелік пункттердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Қызметкерлерге жақсы жағдай жасалады. Бұған дейін Тайынша ауданындағы полицияның учаскелік инспекторы Руслан Бекболатов қоныс тойын тойлаған еді. Оған қызметтік үйді «Астық STEM» ЖШС Қарағаш ауылында тұрғызып берді.
Полиция департаментінде өткен жедел кеңесте ведомство басшысы Марат Төлебаев барлық аудандық бөлімшелер жетекшілеріне учаскелік инспекторлардың қызметін нығайтуда тиісті іс-шараларды қолға алуды тапсырды. Жақында облыстың учаскелік инспекторларының тұрмыс жағдайын анықтап, болашақта олардың баспана мәселесін шешу мақсатында мониторинг жүргізілмек.