СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейд өткізген. Ауылдардың біріне жақын маңдағы алқапта полицейлердің назарына үш адам мінген «Урал» мотоциклі ілінеді.
Жүргізуші полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбай, қашып кетпек болған. Алайда мотоцикл шұңқырға түсіп, қозғалтқышы өшіп қалған. Көлікті тастай қашқан үшеу көп ұзамай қолға түсті.
«Урал» мотоциклінің тіркемесінен үш қабанның өлексесі табылды. Ал мотоцикл маңынан тіркелмеген 12 калибрлі «ИЖ-12» маркалы қос ұңғылы аңшылық мылтық тәркіленді.
Заңсыз аң аулады деген күдікпен ауданның 49 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның айтуынша, бұған дейін ауыл маңынан жайылған қабандарды байқап, сол жерге мылтықпен барып, үшеуін атып алған. Кейін ауылдастарын ауланған қабандарды әкелуге көмектесу үшін шақырған.
Қазір келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр. Полицейлер заңсыз аң аулағаны үшін 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (13 млн теңге) айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.
Бұған дейін Қарағанды облысында браконьерлерден 2,5 тоннадан астам шаян тәркіленгенін жазған едік.