Қарағанды облысында браконьерлерден 2,5 тоннадан астам шаян тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында заңсыз шаян аулап, оны сатумен айналысқан сегіз адам ұсталды. Күдіктілерден 2,5 тоннадан астам шаян, жүк көлігі мен ГАЗель тәркіленді. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке 20 миллион теңгеге жуық залал келген.
Заңсыз әрекетті Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықтады.
Приозерск қаласында 23 пен 50 жас аралығындағы сегіз адам ұсталды. Олар шаяндарды заңсыз аулап, аса ірі мөлшерде сатты деген күдікке ілінді.
Жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында полицейлер 2 557 келі шаянды тәркіледі. Сонымен қатар 115 паллет, заңсыз ауланған өнімді тасымалдауға пайдаланылған деген болжам бар жүк көлігі мен ГАЗель тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілердің әрекетінен мемлекетке 20 миллион теңгеге жуық шығын келген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған сегіз адамның екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Каспийде 88 шақырым браконьерлік ау мен 11,5 келі есірткі тәркіленгенін хабарлаған едік.