СҚО-да жарты жылда қанша бала дүниеге келді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылда 2114 нәресте дүниеге келген.

Фото: ДСМ

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, дүниеге келгендердің 1075-і ұл бала және 1039-ы қыз бала.

Бала туу көрсеткіші бойынша Ақжар, Уәлиханов және Шал ақын аудандары алда, ал Аққайың мен М.Жұмабаев аудандары артта келеді. 

2026 жылғы қаңтар-маусымда 2943 адам қайтыс болды. Халықтың негізгі өлім себептеріне келер болсақ, қан айналымы жүйесінің ауруларынан тұрғындардың 19% қайтыс болған, екінші орында 18% жүйке жүйесінің аурулары және 14% тыныс алу органдарының аурулары келеді. Онкологиялық аурулар мен ас қорыту органдарының ауруларының да үлесі жоғары. Сондай-ақ дүниеден өткендердің 9,6% — жазатайым оқиғалардан, 6,5% — улану мен жарақаттанудан көз жұмған.

Жарты жылдың ішінде өңірде 1300 неке тіркелді. Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша 728 жұп ажырасып кеткен. 

Қазіргі уақытта СҚО-да 512 мың адам тұрады. Оның ішінде 50,4% — қалалықтар.

Бұған дейін Қазақстанда жол апатынан болатын өлім-жітім 7,8% төмендегенін жазған едік