СҚО-да жетім санатындағы әйел 15 жыл тұрған баспана кезегінен шығарылып, құқығы қалпына келтірілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғынын негізсіз тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар санатына жататын әйел Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментіне шағымданды.

Ведомствоның мәліметінше, ол 2011 жылы 3 наурызда тұрғын үй кезегіне тұрған.

- Өтінішті қарау аясында Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде әйелдің шағымын қарау мерзімдерінің бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ оның құқығын қалпына келтіріп, тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне бұрынғы кезегі бойынша қайта енгізілді, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Дархан Хайруллин.

Жалпы, жыл басынан бері департаментке азаматтардан 105 өтініш түскен. Оның ішінде 6 адамның бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Бұл өтініштер жер қатынастары, тұрғын үй және әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ жылжымайтын мүлік салаларына қатысты.

- Әрбір азаматтың өтінішінің артында өмірлік жағдай тұр. Сондықтан мемлекеттік органдардың міндеті мәселені формалды түрде қарау емес, азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіруге бағытталған нақты шара қабылдау.

Мемлекеттік қызметтерді алу барысында сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар «EgovKzBot2.0» Telegram-боты арқылы немесе 8 (7152) 36-01-62 телефон нөмірі бойынша жүгіне немесе «e-Otinish» арқылы шағым жолдай алады, - дейді Дархан Хайруллин.

Бұған дейін Павлодар соты банктің жетім азаматқа мемлекеттік қолдауды тоқтатуын заңсыз деп танығанын жазған едік.