Мәселен, биыл бірінші болып Есіл ауданы орталықтандырылған жылыту жүйесін іске қосты. 26 қыркүйекте Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, ал 28 қыркүйектен бастап Петропавл қаласы мен Жамбыл және Мамлют аудандары жылыту маусымын бастайды деп жоспарланған. Қалған аудандар олардың қатарына 1 қазаннан бастап қосылмақ. Бұл туралы әкімдік отырысында СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әлішер Беспаев айтты. Жалпы облыс бойынша қазіргі уақытта 23 әлеуметтік нысанға жылу берілген.
— Облыста жылу беру маусымына дайындық жұмысы аяқталуға жақын. Өңірде жылумен және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеу, қазандықтарды әзірлеу және жылу желілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Петропавл жылу электр орталығында алты қазандық пен алты турбоагрегат күрделі жөнделді. Сонымен қатар жоспарланған 3,5 шақырымның орнына 5,2 шақырым жылу желісі тартылды. 1273 шақырым электр желісі жаңартылып, 206 қосалқы станцияда жөндеу және техникалық дайындық жұмыстары жүргізілді, — деді Әлішер Беспаев.
Аудандық қазандықтарды жылыту маусымына дайындауға биыл бюджеттен 19 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда екі жаңа орталық қазандық пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, сегіз қазандық жөнделіп, алты жаңа қазандық сатып алынды. Сондай-ақ 1,5 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді.
Басқарма басшысының айтуынша, Петропавлдағы барлық қажетті жұмыс осы аптаның соңына дейін толық аяқталады.
Өңірде отын-көмір қоры да жеткілікті. Қазір теміржол тұйықтарында 54 мың тонна көмір жатса, оның 14 мың тоннасы Петропавлда сақтаулы.
Бұған дейін Павлодарда жылыту маусымы басталғанын жазған едік.