Қыс келісімен жеке тұрғын үйлердегі өрт қаупі де арта түседі. Пешті дұрыс пайдаланбау, электр сымдарының ақауы немесе отты абайсыз қолдану өртке әкелуі мүмкін. Сондықтан құтқарушылар қыс бойы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіптің алдын алуға басымдық береді.
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы облыс аумағында 28 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге аз.
Былтыр осы уақытта 56 өрт шығып, салдарынан 8 адам көз жұмған еді. Биыл бір тұрғын жарақат алған. Иіс тиіп улану деректері тіркелген жоқ.
- Босаңсуға болмайды. Өткен жылыту маусымында облыстың тұрғын үй секторында 214 өрт шығып, салдарынан 31 адам мерт болды. Оның үшеуі - бала, 9 адам жарақат алды. Өрттен келген материалдық шығын 52 млн теңгеден асты, - дейді СҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.
Мамандардың айтуынша, қыс мезгіліндегі өрттердің негізгі себептері - пешті орнату және пайдалану талаптарын бұзу, электр жабдықтарын дұрыс орнатпау.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт пен адам өлімінің алдын алу үшін жеке секторда үй-үйді аралап, рейдтер ұйымдастырып жатыр. Іс-шараға прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және волонтерлер де қатысады.
Сондай-ақ, өрттің шығуына жол бермеу үшін әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға айрықша көңіл бөлінеді. Департамент мәліметінше, облыста осындай 5 357 үй есепке алынған. Онда 19 589 адам тұрады, оның 10 857-сі – бала. Бұл үйлердің бірқатарына тегін иіс газы датчиктері орнатылды.
Бұған дейін Павлодар облысында өртенген жерлердің көлемі 8,5 есе ұлғайғанын жазған едік.