СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 65 жастағы тұрғыны «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі хабарландыру бойынша костюм сатып алмақ ниетпен «сатушыға» 9500 теңге аударған. Кейін ол адам телефонға жауап бермей қойған.
Облыс орталығының 21 жастағы тұрғыны «Kolesa.kz» сайтындағы хабарландыру бойынша «Mercedes» автокөлігіне арналған беріліс қорабы үшін 132 мың теңге аударған. «Сатушы» өзін Қарағандының тұрғынымын деп таныстырып, сөзіне дәлел ретінде жеке куәлігінің фотосын жіберген. Ақшаны алғаннан кейін, бірден байланысты үзген.
Петропавл қаласы бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері жеке куәлік иесі - қарағандылықтың алаяқтыққа қатысы жоқтығын анықтады. Бірде ол өз құжаттарының фотосуретін бір ұйымға сеніп тапсырған. Оның деректері алаяқтардың қолына түскен, ал олар құжатты аңғал адамдарды алдау үшін бірнеше рет қолданған.
Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов тұрғындармен онлайн байласықа шығып, халықты интернет-алаяқтықтан сақтануға шақырды.
«Петропавлда интернет-алаяқтық 68,5 %-ке артты. Жыл басынан бері 337 факті тіркеліп, оның 53-і өндіріспен аяқталды. Күдіктілерді анықтау оңай емес. Интернет қылмыстың көпшілігі трансшекаралық сипатта, ол дегеніміз – жәбірленуші мен алаяқтың екі өңірде, кей жағдайда басқа ел де болуында. Қаңтар айынан бастап криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 12 қызметтік іссапарға шығып, оның барысында 34 күдіктіні анықтады», - дейді Жандос Мұқатов.