СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы 20 ықшамауданның 38 жастағы тұрғыны шешесіне айтпай белгісіз жаққа кеткен. Анасы қызын әне-міне келеді деп бір айға жуық күтіп, болмаған соң полицияға арызданады. Айтуынша, қызы ішімдікке жақын, бұған дейін де ешкімді ескертпей үйінен бірнеше рет кеткен. Тәртіп сақшылары оны 6 күн іздеп, қаладағы аудандардың бірінде тұратын құрбысының үйінен тапты.
Әйел анасының өзін іздеп полицияға жүгінгеніне таң қалды. Ол үшін үйден айлап кету – қалыпты жағдай болып шықты.
Жалпы, үйінен ешкімді ескертпей кететіндер жақындарының іздеп, уайымдайтынына мән бермейді. Жасөспірімдер достарының үйінде түнеуге қалып, бұл туралы ата-аналарына хабарласпай, телефондарын сөндіріп қояды. Ересектер із-түзсіз кетіп, бөтелкелестерімен бас қосқанды тәуір көреді. Жыл басынан облыста адамдардың жоғалуының 58 дерегі тіркелді, оның 16-сы: 9 ер адам және 7 әйел - ішімдікті асыра пайдаланатындар. Барлық жоғалғандар табылды, оның ішінде 47 адам бір тәулікте табылды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.