СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, Сәбит Мұқановтың қолданған заттарын, басқа да жәдігерлерді Пресновка елді мекенінде орналасқан Иван Шуховтың музей-үйі аумағындағы бір қабатты әкімшілік ғимаратта тамашалауға болады.
- Сәбит ауылынан тұрғындардың көшуіне байланысты, сондай-ақ музей қорын сақтау және оны тиісті жағдайда экспозициялау мақсатында былтыр қазан айында аудан орталығына көшірілді. Бұл шешім – мәдени мұраны жоғалтпай, оны сақтаудың балама жолы. Ол жаңа орынға бейімделіп, жұмысын жалғастырып жатыр, - дейді басқарма басшысы Досбол Әбдірейісов.
Жамбыл ауданы Сәбит ауылында жазушының құрметіне 1990 жылы әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылған болатын. Бұл нысан өңірдің киелі жерлерінің картасына енген.
Құнды жәдігерлердің көбі Алматыдан әкелінген. Қазір 700-ден астам жәдігер сақталған. Олардың ішінде жаптама етігі, өзі ұстаған домбырасы, Құран кітабы, жайнамазы бар.
Өңірдегі басқа музейлердің жағдайы әзірге тұрақты. Мәселен, Жамбыл ауданы Жаңажол ауылындағы Ғабит Мүсірепов музейі 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Ғимараты апатты деп танылған соң, экспозициясы Мәдениет үйіне көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам жәдігер сақтаулы, жылына 600-ге жуық адам келеді.
Ал М. Жұмабаев ауданы Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев музейі үш жыл бұрын жөндеуден өтіп, қазір келушілерге қолайлы жағдайда қызмет көрсетіп отыр. Мұнда да 600-ден астам экспонат бар, жыл сайын 700-ге жуық адам келеді.
Естеріңізге салайық, СҚО-да жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген 12 музей бар. Соның төртеуі — еліміздің белгілі ақын-жазушыларына арналған мемориалды мұражайлар.